Бұқаралық спортты дамыту, халық денсаулығын жақсарту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер футболын ілгерілету мәселелері көтерілген Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, 2023 жылы «DOSCAR GROUP» компаниясы Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігімен бірлесіп испандық «Атлетико Мадрид» футбол клубымен келіссөз бастап, Қазақстанда балалар футбол академиясын ашу бастамасын өз мойнына алды. Жыл бойы «DOSCAR GROUP» компаниясы испан клубының басшылығымен белсенді келіссөз жүргізіп, оның барысында жобаға барлық мүдделі тарапты тарта алды.

Осылайша 2024 жылдың маусымы әлемдік ауқымдағы жаһандық оқиғамен ерекшеленді — Қазақстанда испан футболының алыбы «Атлетико Мадрид» академиясын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл ТМД аумағындағы «Атлетико Мадрид» клубының алғашқы ресми балалар-жасөспірімдер футбол академиясы болмақ.

1903 жылы құрылған «Атлетико Мадрид» футбол клубы Испания мен Еуропаның ең атақты әрі беделді клубтарының арасында лайықты құрметті орын алады. Клуб Ла Лигадағы, Испания кубогындағы, УЕФА Еуропа лигасындағы көптеген жеңісін, Чемпиондар лигасындағы көрнекті жетістіктерін мақтан тұтады, сондай-ақ бірнеше буын футбол жұлдызын тәрбиелеген аты аңызға айналған жасөспірімдер академиясымен танымал.

Бүгінде Қазақстанның жас әрі талантты футболшылары әлемдік футбол саласы мойындаған әдістемелер бойынша оқып, жаттығуға мүмкіндік алады. Оқушылардың бір бөлігі Академияда тегін оқуға грант алады. Үздік оқушылар Испаниядағы «Атлетико Мадрид» футбол клубының базасында жаттығуға бірегей мүмкіндікке ие болады. Шетелдік чемпионаттарда бейімделу жағдайын жақсарту мақсатында Академия базасында ағылшын және испан тілдері курстары ұйымдастырылады.

«Атлетико Мадрид Қазақстан» академиясы алдына іргелі міндеттер қояды: оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылатын «Атлетико Мадрид» әдістемелеріне негізделген жоғары сапалы футбол білімін беру. Кәсіби испан жаттықтырушылары әр ойыншының техникалық және тактикалық дағдыларын дамыту үшін онымен жеке жұмыс істеу форматына бағдарланған. Спортшыларды кәсіби футболдың жоғары дене және психологиялық жүктемелеріне дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Академияның басты басымдықтарының бірі — жас таланттарды Еуропаның жетекші лигаларындағы кәсіби клубтарға және ұлттық құрамаға жол ашу талпынысында қолдау.
Академияны салу Талғар қаласының көркем жерінде, «Akbulak» Олимпиадалық орталығының базасында жоспарланған. Академия жаттығу мен оқуға арналған заманауи жағдайлармен жабдықталады: табиғи және жасанды төсеніші бар жоғары сапалы алаңдар, ең жаңа құрал-жабдығы бар заманауи жаттығу залдары, озық мультимедиялық құралдары бар оқу сыныптары, оңалту орталықтары, ыңғайлы әрі кең киім ауыстыратын бөлмелер, демалыс аймақтары, сондай-ақ футболшыларға арналған қонақүй кешені мен жатақхана. Академияның бірегей орналасуы өңірде туризмді дамытуға ықпал етіп, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра отырып жергілікті экономикаға оң әсер етеді. Шарт талаптары бойынша Қазақстандық «Атлетико Мадрид» академиясының негізгі жаттықтырушылар құрамы Испаниядан келген сертификатталған жаттықтырушылардан қалыптастырылатынын атап өткен жөн.
«Академиямыздың Қазақстанда ашылуы — жай ғана оқиға емес, бұл футбол әлеміндегі нағыз төңкеріс. Қазақстандық балалардың әлеуеті зор екеніне сенімдіміз, ал біздің Академия ұлы футболшылар туатын орынға айналады. Елдегі футбол деңгейін жаңа биікке көтеру үшін біз мұнда өз әдістемемізді, тәжірибемізді және жеңіске деген талпынысымызды әкелеміз», — дейді «Атлетико Мадрид» клубының Академияны дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Эмилио Гутьеррес Болоуза. Қазақстанда Академияны іске қосу «Спорттық жекпе-жек және күш спорт түрлерінің конфедерациясы» ЗТБ мен «Атлетико Мадрид» футбол клубының бірлескен күшімен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан Футбол Федерациясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Жоба қазақстандық футболдың дамуында жаңа бет ашып, жас әрі талантты футболшыларға өсу мен жетілуге зор мүмкіндік береді. «Атлетико Мадрид Қазақстан» академиясының ашылуы Қазақстан мен Орталық Азияда футболдың дамуына қуатты серпін болады.